Ақмола өңірінде көктемгі егіс науқанына дайындық үшін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін жеңілдетілген қаржыландыру көлемі ұлғайтылады. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов 17 сәуір күні Көкшетауда өткен аграрлық кеңес барысында хабарлады.
Агрокеңес жұмысына өңірдің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 600-ден астам өкілі, ғылыми-зерттеу институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Фермерлер вице-министр Азат Сұлтановқа тікелей сұрақ қойып, ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды.
Марат Ахметжанов Ақмола облысының Қазақстанның басты астықты өңірі екенін ерекше атап өтті. Өткен жылы өңір рекордтық көрсеткішке — 6,5 миллион тонна астық жинады. Мемлекет басшысы көктемгі егіс пен күзгі орақ жұмыстарына жеңілдетілген несиелеу көлемін ұлғайтуды тапсырды. Алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін екі есеге ұлғайтып, еңбек өнімділігін үш есеге арттыру міндеті қойылды. Сонымен қатар, Қазақстан алдағы 10 жылда терең өңделген астық өнімдерін шығаратын әлемдік үздік он елдің қатарына енуі тиіс.
Осы мақсатта мемлекет ауыл шаруашылығы өндірушілеріне тиімділікті және өнімділікті арттыруға арналған түрлі құралдарды ұсынып отыр.
Агрокеңес барысында ерекше шешім атап өтілді. Атап айтқанда, биылғы егіс маусымына сапалы дайындалуға мүмкіндік берген маңызды қадам — жеңілдетілген несиелеуге өтінімдер қабылдау алғаш рет өткен жылдың желтоқсан айында басталған.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі мен Ақмола облысының әкімі «KOKSHE» ӘКК» АҚ-ның «Кен Дала 2» бағдарламасын жүзеге асыруға қосқан үлесін жоғары бағалады. 2025 жылға «KOKSHE» ӘКК» АҚ арқылы 32 миллиард теңге сомасына 121 фермер қаржыландырылды. Бірақ өтінімдердің саны одан да көп. Сондықтан жеңілдетілген қаржыландырудың қосымша көлемі туралы жаңалықты фермерлер ерекше қуанышпен қабылдады.
Жалпы, бүгінгі күнге дейін «Кен Дала 2» бағдарламасы аясында Ақмола облысында 66 миллиард теңгеге 600-ден астам фермерге қолдау көрсетілді.
«Кен Дала 2» бағдарламасы — бұл жай ғана фермерлерді қолдау емес, стратегиялық маңызы бар құрал. Бұл ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар өңір экономикасын өзгертеді, әр ауылдағы өмір сапасын жақсартады. Егістік жерлердің ұлғаюы, ауыл шаруашылығы техникасының жаңартылуы және еңбек өнімділігінің артуы тұрақты экономика құруға мүмкіндік береді әрі Ақмола облысында бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Кеңеске қатысушылар заманауи агротехнологияларды және көктемгі егістің озық әдістерін талқылады. Айта кету керек, облыс әкімінің бастамасымен Ақмола өңірінің үздік агрономдарын біріктіретін Агрономиялық кеңес құрылды. Кеңестің басты мақсаты — аграршыларға заманауи технологиялар мен тәсілдерді енгізуде әдістемелік қолдау көрсету, өнімділікті және жерді пайдалану тиімділігін арттыруға көмектесу.