
«Ауыл – Аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жобасы ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда кәсіпкерлікті дамыту және жұмыспен қамтуды арттыру мақсатында іске асырылады.
Басым бағыттар
Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредит беру скрининг нәтижелері негізінде басым бағыттар бойынша жүзеге асырылады (ауыл шаруашылығына жатпайтын жобаларды қоспағанда).
Басым қолдау келесі жобаларға беріледі:
- ауыл шаруашылығы және тұтыну кооперативтеріне;
- ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жобаларына.
Жобаларды іріктеу тәртібі
Жобаларды іріктеу әрбір ауылдық елді мекен бойынша ауылдық округ әкімдерімен шаруашылық кітаптары деректері негізінде қалыптастырылған скрининг нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.
Скрининг:
- ауылдық округ әкімдігі жүргізілген скрининг негізінде әрбір ауылдық елді мекен бөлінісінде микрокредиттеудің басым бағыттарын айқындай отырып, талдамалық ақпарат қалыптастырады және оны есепті қаржы жылынан кейінгі жылдың 15 қаңтарына дейін ауыл, кент, ауылдық округ әкімінің қолымен аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімдігіне ұсынады;
- ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасымен есепті қаржы жылынан кейінгі жылдың 30 қаңтарына дейін келісіліп, экономика, бюджеттік жоспарлау және жер қатынастары басқармасына жолданады;
- экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы алдағы кезеңге арналған микрокредиттеу түрлері бойынша ақпаратты ауылдық округтер бөлінісінде есепті қаржы жылынан кейінгі жылдың 15 ақпанына дейін ауданның жергілікті атқарушы органдарына және сенім білдірілген агентке интернет-ресурстарда орналастыру үшін жібереді.
Сенім білдірілген агент орналастырылған ақпарат негізінде өтінімдерді қарайды (ауыл шаруашылығына жатпайтын жобаларды қоспағанда).
Қаржыландыру ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда жүзеге асырылады.
Үміткерлер санаттары
Микрокредит алуға үміткерлер — Қазақстан Республикасының азаматтары:
- жұмыссыздар;
- жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеусіз дербес қызмет жүзеге асыратын адамдар және (немесе) әрекетсіз жеке кәсіпкерлер;
- отбасылық кәсіпкерлікте ақысыз қызмет атқаратын адамдар;
- табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен жеке қосалқы шаруашылық жүргізетін тұлғалар;
- «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» және «Өндірістік кооператив туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қызмет жүзеге асыратын кооперативтер мен олардың мүшелері;
- жеке кәсіпкерлер.
Жеке тұлғалар үшін жоба іске асырылатын ауылдық елді мекенде немесе шағын қалада өтінім берген күнге дейін кемінде 12 ай тұрақты тіркеу болуы қажет.
Әрекеттегі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін жоба іске асырылатын жерде мемлекеттік тіркеудің немесе қызметтің басталғаны туралы хабарламаның болуы талап етіледі.
Қаржыландыру шарттары
Жобаларды микрокредиттеу:
- ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуға — облыс үшін көзделген жалпы қаржыландыру көлемінің 40 %-ынан аспайды;
- қайта өңдеу саласында — жалпы қаржыландыру көлемінің кемінде 20 %-ы.
Ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алуды қаржыландыру келесі жағдайларда жүзеге асырылады:
- жеткілікті жайылымдық жердің болуы;
- су ресурстарымен қамтамасыз етілуі;
- ветеринарлық және зоотехникалық қызметтерге қолжетімділік;
- жеткілікті жем-шөп базасының болуы.
Микрокредиттеудің негізгі шарттары
Ауыл шаруашылығына жатпайтын жобалар үшін:
- несие мерзімі — 5 жылға дейін;
- ең жоғары сома — 2 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар үшін:
- несие мерзімі — 7 жылға дейін;
- ең жоғары сома — 2 500 АЕК дейін.
Өнімдерді қайта өңдеу жобалары үшін:
- несие мерзімі — 7 жылға дейін;
- ең жоғары сома — 8 000 АЕК дейін.
Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін дамыту үшін:
- несие мерзімі — 7 жылға дейін;
- ең жоғары сома — 8 000 АЕК дейін.
Алдыңғы микрокредит бойынша міндеттемелерін толық орындаған тұлғаларды қайта кредиттеу кезінде ең жоғары сома 8 000 АЕК дейін ұлғайтылады (екі реттен артық емес).
Қайта кредиттеу қайтарылған қаражат есебінен және бұрын берілген микрокредиттің ең жоғары мерзімінің жартысы өткеннен кейін жүзеге асырылады.
Негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі — 12 айдан аспайды.
Номиналдық сыйақы мөлшерлемесі — жылдық 2,5 %-дан аспайды.
Жобаларды іріктеу критерийлері
- скринингке сәйкес басым бағыттарға сәйкестігі;
- жаңа жұмыс орындарын құру;
- жаңа, бұрын пайдаланылмаған техника мен жабдық сатып алу.
Шектеулер
Микрокредиттер келесі мақсаттарға берілмейді:
- жеңіл автокөлік сатып алу;
- жақын туыстарынан ауыл шаруашылығы жануарларын сатып алу;
- тұрғын үй нысандарын сатып алу және (немесе) салу, кейін жалға беру мақсатында (туристік-рекреациялық аймақтардағы туристердің уақытша тұруына арналған нысандарды қоспағанда);
- көтерме және бөлшек сауда.
Өтінім беру тәртібі
Микрокредит алу үшін үміткерлер өтінімді келесі ақпараттық жүйенің жеке кабинеті арқылы электронды түрде береді: https://amanatnesie.kz/#/main
Қосымша ақпарат алу үшін телефон: 8 (7162) 91-16-33
