04.04.2024

2024 жылғы 4 сәуірде «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметінің өзекті мәселелері» тақырыбында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің тақырыптық отырысы өтті.

Отырысты Комитет төрағасы Нұртай Салихұлы Сабильянов жүргізді. Депутаттар алдында «Ауыл» партиясы фракциясының мүшесі А.Баққожаев, Ұлттық экономика вице-министрі Б.Құдайбергенов, сондай-ақ «Astana» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Б.Баймұқаш және «Kokshe» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы С. Сыздықов баяндама жасады.

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2021 жылғы 25 ақпандағы бесінші отырысында Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (бұдан әрі - ӘКК) жұмысын толыққанды институттарға айналдыра отырып, оларды қайта форматтауға тапсырма бергендігін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің өкілі өз баяндамасында айтып өтті.

Талқылау барысында депутаттар мен ӘКК өкілдері тарапынан Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметінің тиімділігі, орындалатын функциялардың бытыраңқылығы, ашықтық және есептілік мәселелері көтерілді.

Талқылау нәтижелері бойынша Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың қызметін реттейтін, олардың функциялары, міндеттері, жұмыс істеу тетіктері айқын айқындалған, толыққанды өңірлік институтқа айналдыру мақсатында заң әзірлеу қажеттілігі туралы шешім қабылдады.