Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста Қазақстан мен Түркияның халықаралық құрамды жүк тасымалындағы ынтымақтастығы туралы заңды талқылады. Сенаттың Баспасөз қызметі хабарлайды.
Құжат әртүрлі көлік түрлерін пайдалана отырып халықаралық жүк тасымалын жеңілдетуге, сондай-ақ екі ел арасындағы транзит-көлік әлеуеті мен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға бағытталған.
Заңға сәйкес тарап мемлекетінің аумағына кіру немесе шығу кезінде жүктерді, сондай-ақ тасымалданатын тауарларды құрама тасымалдауды орындайтын көлік құралдары, жеке және заңды тұлғалар мемлекеттердің заңнамасына сәйкес бақылаудан өтетін болады.
Келісімнің орындалуына қатысты барлық мәселелерді реттеу мақсатында мемлекеттік лауазымды адамдардан, сондай-ақ құрамдас тасымал секторының өкілдерінен тұратын Бірлескен комитет құрылатын болады.
Сенаторлар отырыс қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды Палатаның қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.