2024 жылғы қараша айынан бастап Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасы бойынша Көкшетау қаласында тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы іске асырылуда. Уәлиханов – Гоголь, Саин – Быковский көшелерінің шаршысында ескі алты үй сүріліп, олардың орнына қазіргі заманғы 234 пәтерден тұратын тұрғын үй кешені салынатын болады. Жаңа үйлер жоғары сапа және энергия тиімділігі стандарттарына сәйкес келіп, қаланың архитектуралық келбетін үйлесімді түрде толықтырады.
2025 жылғы 13 қаңтардағы жағдай бойынша инвесторлар конкурсында жеңіске жеткен «К.Г.С. САУдА» құрылыс компаниясы екі үйдің іргетасын құйып, мұнара крандарын орнатты.
Еске сала кетейік, бұл компания толық құжаттар пакетін ұсынып, аукциондық комиссияның бағалауынан сәтті өтіп, талаптарға сәйкес деп танылған. Компания осы жобаға өз қаражатынан 4 млрд теңгеден астам инвестиция салуды жоспарлап отыр.
Жоба АО «СПК «KOKSHE» қолдауымен жүзеге асырылуда, корпорация уәкілетті ұйым ретінде әрекет етеді. Корпорацияның еншілес ұйымы «KOKSHETAU ENGINEERING» ЖШС бағдарламаның жүзеге асырылуына және құрылыс жұмыстарын үйлестіруге жауапты. Көкшетау қаласының әкімдігімен бірлесіп, тұрғын үйлерді сатып алу бойынша пәтер иелерімен ауқымды жұмыс жүргізілді. Облыстық бюджеттен тұрғын үй қорын құруға 700 млн теңге бөлінді.
«Конкурстық рәсімдер аясында таңдалған инвестор құрылысқа қаржыландыруды (инвестиция көлемі 4 млрд теңге) өз мойнына алады және қайта қоныстандыру қоры үшін 50 пәтерді қайтаруды міндеттенеді. Бұл пәтерлер болашақта басқа реновация жобалары үшін пайдаланылатын болады. Қалған пәтерлер жобаның өтелімділігін қамтамасыз ету үшін нарыққа шығарылады. Құрылысты аяқтау және объектілерді пайдалануға беру 2025 жылдың қарашасына жоспарланған», – деді АО «СПК «KOKSHE» басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиев.
Тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы облыс орталығының архитектуралық келбетін жақсартуға және жайлы қалалық орта құруға мүмкіндік береді.
Жалпы, қала бойынша ескі тұрғын үйлер тығыз орналасқан 11 жергілікті аймақта реновация жүргізу жоспарланған. Шамамен 800 жеке және көпқабатты үйлер сүріледі.