«KOKSHE» ӘКК» АҚ Көкшетау тұрғындарын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қолжетімді бағамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізді. Көкөніс бағасының маусымдық өсу кезеңінде оның құнын тұрақтандыруға мүмкіндік беретін тетіктердің бірі – жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден өнімді форвардтық сатып алу.
Бұл тетік келесідей жұмыс істейді: фермер өнім өсіру үшін алдын ала қаржыландыру алады, ал өз кезегінде келісілген көлемдегі өнімді белгіленген шарттар бойынша жеткізуге міндеттенеді. Осылайша «KOKSHE» ӘКК маусымаралық кезеңге қажетті көкөніс қорын алдын ала қалыптастырып, баға маусымдық өскен кезде өнімнің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз етеді.
Келісімшарт жасалған өнімнің жалпы көлемі 6 785 тоннаны құрайды. Бұл ретте халықтың есептік қажеттілігі – 5 611 тонна.
Өнім жеткізушілердің бірі – «Агротрейд Кокше» ЖШС. Жасалған шарт аясында кәсіпорын 784 тонна картоп және 586 тонна сәбіз, барлығы 1 370 тонна көкөніс өнімін жеткізеді. Бұл өнім белгіленген қолжетімді бағамен сауда нүктелері арқылы тұрғындарға сатылады.
Осы тетік аясында сатып алынған көкөністер маусымаралық кезеңде, яғни картоп пен сәбіз бағасы өсетін қыс пен көктем айларында әлеуметтік бағамен сатуға арналған.
Қазіргі уақытта өнім Көкшетау тұрғындары үшін Байкен Әшімов көшесі, 228/1 мекенжайындағы Small дүкенінде сатылуда.
Бұл жұмыстың басты нәтижесі жасалған келісімшарттардың көлемімен емес, сатып алушы дүкен сөресінен көретін бағамен өлшенеді. Қалыптастырылған қордың арқасында Көкшетау тұрғындары картоп, сәбіз, пияз және қырыққабатты нарықтық бағадан едәуір төмен бағамен сатып ала алады.
