Бүгін «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің бетпе-бет отырысы өтті. Отырыстың жұмысына Директорлар кеңесінің барлық 6 мүшесі толық қатысты.
Директорлар кеңесінің құрамында: Ақмола облысы әкімінің орынбасары, Директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Балпан, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы Эмир Хамзин, «KOKSHE» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Серікбай Құсайынов, тәуелсіз директорлар — Қайрат Сұлтанов, Фаим Жұмабеков және Нұрлан Сейдалин бар.
Директорлар кеңесі 13 мәселені қамтыған кеңейтілген күн тәртібін қарады. Негізгі тақырыптардың қатарында — «Аграрлық несие корпорациясымен» өзара іс-қимыл аясында акционерлік қоғамның міндеттемелерін ұлғайту мәселесі. Сонымен қатар компанияның стратегиялық дамуына қатысты мәселелер талқыланды: 2024 жылғы жылдық есепті бекіту, 2025 жылға арналған Даму жоспарын нақтылау, 2026–2030 жылдарға арналған Даму жоспарын бекіту.
Сонымен бірге Директорлар кеңесі кадрлар, сыйақылар және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитет құру туралы шешім қабылдады. Комитет төрағасы болып тәуелсіз директор Фаим Жұмабеков сайланды.
Отырыс қорытындысы бойынша «KOKSHE» ӘКК» АҚ-ның одан әрі дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ететін барлық қажетті шешімдер қабылданды.
