Үзіліссіз егіс науқаны: «Кең-дала 2» бағдарламасы аясында Ақмола облысының аграршыларына 28 млрд теңгеден астам қаржы берілді

22.05.2026

Ақмола облысында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізуге бағытталған «Кең-дала 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама маусымдық жұмыстар қызған кезеңде өңір аграршыларын қолдаудың негізгі құралдарының біріне айналды.

«KOKSHE» ӘКК» АҚ кредиттеу департаментінің директоры Дина Ахметжанова мәлім еткендей, 2026 жылғы 21 мамырдағы жағдай бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден жалпы сомасы 33 млрд 251 млн теңгеге 105 өтінім келіп түскен. Қаржы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін 627 450 гектар егіс алқабын қамтуға бағытталған.

Кредиттік комитет жалпы сомасы 29 млрд 42 млн теңгеге 101 өтінімді мақұлдады. Мақұлданған жобалар бойынша егіс алқаптарының жалпы көлемі 357 819,5 гектарды құрады.

Мақұлданған өтінімдердің ішінде 96 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге жалпы сомасы 28 млрд 359 млн теңге көлемінде несие берілді. Қаражат 349 077 гектар алқаптағы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге бағытталды.

Дина Ахметжанованың айтуынша, бағдарлама өңір аграршылары арасында жоғары сұранысқа ие. Себебі бұл шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы маусымы басталар алдында айналым қаражатымен уақытылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары үшін қолжетімді қаржыландыруды дер кезінде алу аса маңызды. Бұл егіс науқанының қарқынына, тұқым, жанар-жағармай, тыңайтқыш сатып алуға және барлық қажетті агротехникалық шараларды орындауға тікелей әсер етеді. Қазіргі таңда аграршылар тарапынан белсенділік жоғары, сондықтан өтінімдерді жедел қарау және сүйемелдеу жұмыстары жалғасуда», — деді ол.

«KOKSHE» ӘКК»-де атап өткендей, «Кең-дала 2» бағдарламасын іске асыру егіс науқанын тұрақты өткізуге ғана емес, сонымен қатар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға және аграрлық сектордың тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді.

Егін жинау науқанына дайындық аясында уақытылы қаржыландыру ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігіне тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып отыр. Осыған байланысты өтінімдерді қарау және сүйемелдеу жұмыстары тұрақты негізде жалғасуда.