Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен Көкшетауда тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама ескі үйлерді бұзу және заманауи тұрғын үй кешендерін салуды қарастырады. Жаңа ғимараттар жоғары сапа мен энергия тиімділігі стандарттарына сәйкес келіп, қаланың сәулеттік келбетін үйлесімді толықтырады.
Инвесторлар арасындағы конкурс жеңімпазы «К.Г.С. САУдА» ЖШС болды. Компания толық құжаттар пакетін ұсынып, аукциондық комиссиясы бағалауынан сәтті өтті және талаптарға сәйкес деп танылды. Компания осы жобаға 4 миллиард теңгеден астам жеке қаражатын инвестициялайды.
«Біз құрылыс сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етеміз. Біздің компания нарықта он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді, осы уақыт ішінде біз Көкшетаудың сәніне айналған 20-дан астам үй салдық», — деп атап өтті «К.Г.С. САУдА» ЖШС директоры Әділбек Асылбеков. Жоба «KOKSHE» ӘКК» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылуда, ол уәкілетті ұйым ретінде әрекет етеді. Корпорацияның еншілес ұйымы «KOKSHETAU ENGINEERING» ЖШС бағдарламаны жүзеге асыру және құрылыс жұмыстарын үйлестіру үшін жауап береді.
Реновацияға арналған алғашқы аумақ бұрын тозығы жеткен 8 пәтерлі екі қабатты алты үй орналасқан Уәлиханов, Гоголь, Саин және Быковский көшелерінің алаңы болды. Бір ай бұрын осы жерде бөлшектеу жұмыстары басталды, ал бүгінде алаң жаңа үйлерді салуға толық дайын. Бұл құрылыстың басталуын жылдамдатып, құрылыс компаниясының жұмысын тиімдірек қамтамасыз етеді.
«KOKSHE» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары - Әли Әлиев «К.Г.С. САУдА» ЖШС компаниясымен ынтымақтастық қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
«Тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы тек қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартпайды, сонымен қатар бизнес пен мемлекет арасындағы табысты серіктестіктің үлгісі болады», — деп қосты Әлиев.