«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтеріне лизингке техника алуын қаржыландыру нормативтері ұлғайтылады

02.04.2024

Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіп кешеніндегі жобаларды несиелендірудің қолданыстағы ережелеріне қажетті түзетулер пакетін әзірлеуде. Бұл туралы Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте мәлім болды.

Бұл шешім «Ауыл аманаты» бағдарламасының 2023 жылғы жұмыс қорытындысын талдау және өңірлерден келіп түскен өтініштер нәтижесі бойынша қабылданды. Былтыр ауыл тұрғындарына бағдарлама бойынша бөлінген жалпы сомасы 100 млрд теңге қолжетімді шағын несиенің 82,4 млрд теңгесі игерілген. Оның 80%-ы мал шаруашылығына, 5,2%-ы техника мен жабдыққа, 4%-ы өсімдік шаруашылығына бағытталды. 

Қеңеске қатысушылар «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл шаруашылығы кооперативтерінің дамуына серпін бергенін атап өтті. Былтыр бағдарлама аясында 407 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Олардың басым бөлігі Түркістан (75), Ақтөбе (71), Қарағанды (53), Қызылорда (51) облыстарына тиесілі. Өңірлердегі шаруалар лизингке техника сатып алу үшін жұмыс істеп тұрған кооперативтерге осы бағдарлама негізінде қолжетімді қарыз қаражатын алу мүмкіндігін көтерді.

«Субсидиялау ережесіне түзетулер жобасы ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 5 жылға дейінгі мерзімге жылдық 2,5%-бен ауыл шаруашылығы техникасын лизингтеу мүмкіндігін қарастырады. Қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады.  Бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін қаржыландыру нормативін арттырудамыз», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов. 

Өз тарапынан Серік Жұманғарин өңірлерге жыл сайын облыстың әр ауданында 1-2 ауыл шаруашылығы кооперативін құруға жағдай жасау міндетін қойды.