ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев Көкшетаудағы тұрғын үй қорын реновациялау барысымен танысты
Ақмола облысына жұмыс сапары аясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысы және құрылыс саласындағы жобалармен танысты. Атап айтқанда, министр Көкшетау қаласындағы Уәлиханов пен Быковский көшелерінің қиылысында орналасқан құрылыс алаңында болды.
Аталған аумақта мемлекеттік реновация бағдарламасы аясында өткен жылдың қараша айында алты ескі, апатты үй сүрілген болатын. Олардың орнына екі заманауи көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бүгінгі таңда құрылысшылар алтыншы қабатты тұрғызып жатыр. Сонымен қатар, төменгі қабаттарға терезе орнату, электр желілерін, жылыту және сумен жабдықтау жүйелерін монтаждау жұмыстары басталды.
Ішкі әрлеу жұмыстарын жылдамдату мақсатында құрылыс алаңына қабырғаларды сылауға арналған арнайы сылақ станциялары жеткізілді. Бұл – қабырғаларды механикаландырылған әдіспен сылауға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй қорын жаңғырту – облыс орталығының сәулеттік келбетін өзгертіп, жайлы қалалық орта қалыптастыруға сеп болады. Ең бастысы – жүздеген ақмолалықтың тұрғын үй жағдайы жақсарады.
Реновация – болашақтың кілті!