Ақмола облысындағы жаңа фермаға Еуропадан голштин тұқымды ірі қара жеткізілді

14.05.2026

Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің, өңір әкімдігінің қолдауымен, сондай-ақ жеке инвестор мен «KOKSHE» ӘКК АҚ-ның бірлескен қаржыландыруы аясында агроөнеркәсіп кешені саласында ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

«Burabay Milk» ЖШС Бурабай ауданында 1440 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасын, сондай-ақ Щучинск қаласында сүт зауытын салуда.

Жоба аясында 330-ға жуық асыл тұқымды ірі қараны кезең-кезеңімен жеткізу жоспарланған. Оның алғашқы легі — 165 бас мал Еуропадан арнайы әуе рейсімен Астана халықаралық әуежайына жеткізілді. Кәсіпорын құрылысы әлі жалғасып жатқанына қарамастан, компания болашақ ферма үшін асыл тұқымды табын қалыптастыру жұмыстарын бастап кетті.

Ірі қара Германиядан жеткізілген және жоғары сүт өнімділігімен ерекшеленеді.

Әуежайдағы барлық қажетті рәсімдерден кейін жануарлар ферма аумағына аман-есен жеткізілді. Қазіргі уақытта олар карантиндік бақылаудан өтіп, жаңа ортаға бейімделіп жатыр. Мамандардың айтуынша, тасымалдау талаптары толық сақталған жағдайда ірі қара мал әуе сапарын жақсы көтеріп, жаңа жағдайға тез бейімделеді.

30 күн ішінде ветеринариялық мамандар бруцеллез, туберкулез, аусыл, эмкар, сібір жарасы және нодулярлық дерматит секілді ауруларға қатысты барлық міндетті зерттеулерді жүргізеді.

Асыл тұқымды малды кезең-кезеңімен жеткізу жұмыстары облыстық және аудандық ветеринариялық қызметтің бақылауымен жалғасады.

Астана қаласының айналасында азық-түлік белдеуін қалыптастыру мақсатында жоба заманауи сүт индустриясын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға және ел тұрғындарын отандық өндірістің табиғи әрі сапалы өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған.