Өткен аптада азық-түлік тауарының 8 түріне баға төмендеді

29.07.2024

Үкіметте Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен еліміздегі азық-түлік қоры мен бағаның қазіргі жағдайын талқылаған жиналыс өтті.

Мәселен, өткен аптаның қорытындысына сәйкес, 8 тауар бойынша бағаның төмендеуі байқалды. Атап айтқанда, жұмыртқа – 0,7%, айран – 0,5%, сары май және қарақұмық жармасы – 0,4%, күріш пен ұн – 0,2%, қант пен макарон өнімі – 0,1%. Нан, сүт, сүзбе, сиыр еті және тұз бағасының орташа индексі тұрақты.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова жеті өңірде, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында баға индексі тұрақты болып отырғанын хабарлады. 6 өңірде: Ұлытау – 0,4%, Шымкент және Павлодар облыстары – 0,2%, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстары – 0,1% төмендеу байқалады.

Маусымаралық кезеңде әлеуметтік көкөністердің бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлерде 137,9 мың тоннаға келісімшарттар жасалды. Аймақтардың басым бөлігі сәбіз бен пиязға, картоп пен қырыққабатқа күзгі-қысқы келісімшартқа отырды. 

«Сәбіз бойынша ӘКК келісімшарттары 22,1 мың тоннаны құрайды, бұл ұсынылатын қажеттілік көлемінің 115%-ы, пияз бойынша – 24,2 мың тоннаны немесе қажеттіліктің 169%-ы, картоп бойынша – 74,3 мың тоннаны немесе 94%-ды, қырыққабат бойынша – 17,1 мың тоннаны, 85%-ды құрайды», — деп атап өтті ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы. 

Кеңесті қорытындылай келе, Серік Жұманғарин күзгі-қысқы көкөністерге келісімшарттың төмен үлесі байқалатын өңірлерге бағаның өсуіне жол бермеу үшін форвардтық шарттар жасасу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.