200-ден астам ақмолалық ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай марапатталды

20.11.2024

Бүгін Көкшетауда бірінші өңірлік форум өтті, онда үздік аграршылар мен өндіріс озаттары, еңбек сіңірген қызметкерлер мен агрономдар, мал өсірушілер, фермерлік шаруашылықтар мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары жиналды.

Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін құттықтай отырып, облыс әкімі Марат Ахметжанов аграрлық сектордың өңір экономикасындағы маңызды рөлін атап өтті. Ол бұл саланың жетістіктері – жерге еңбек сіңірген, өз ісіне адал және кәсіби мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі екенін айтты.

«Ақмола облысы – Қазақстанда дәнді және майлы дақылдар өндіруде көшбасшы өңір. Ақмола облысындағы астық өнімдері – бұл өңірдің елдегі ауыл шаруашылығы өндірісінің орталығы мәртебесін растайтын маңызды жетістік. Диқаншылардың еңбегі жоғары құрметке лайық, өйткені олардың күші елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Өткен жылы облыс аграрийлері үлкен жетістіктерге жетті. Біз сіздермен мақтанамыз және шынайы алғысымызды білдіреміз», – деді Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы өз сөзінде атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласындағы өңірдің жалпы өнімі 828 миллиард теңгеге жетті. Болжамдарға сәйкес, ағымдағы жылдың соңына дейін бұл көрсеткіш 1 триллион теңге белгісінен сенімді түрде асады. Ағымдағы жылдың егін егу науқаны мен орақ науқаны кезіндегі күрделі табиғи-климаттық жағдайларға қарамастан, облыста соңғы онжылдықтардағы рекордтық 6,6 миллион тонна астық жиналды. Орташа өнімділік 14,1 центнер/гектарды құрады, Қазақстан астығының 30%-ы Ақмола облысында өндірілді.

Облыс әкімі ауыл шаруашылығын жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және аграрийлерге қолдау көрсетуді арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Ол аграрлық секторды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша жұмыстар жалғасатынын, оның ішінде мемлекеттік қолдауды кеңейту, инфрақұрылымды жаңарту және мамандарды оқыту шаралары жүзеге асырылатынын айтты.

Астана тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен тұрақты қамтамасыз ету үшін айтарлықтай маңызы бар азық-түлік белдеуіне облыстың 17 ауданы енді. Қазіргі уақытта 125 облыстық кәсіпорын елордадағы 44 ірі сауда нүктесіне өнім жеткізуде.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің еңбегі лайықты бағаланды. Ел Президентінің Жарлығымен тоғыз ақмолалық аграрий мемлекеттік марапаттарға ие болды. Өндіріс үздіктері – сауыншылар, механизаторлар, агрономдар, жүргізушілер, құс өсірушілер және басқа да еңбек озаттары құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен және  ақшалай сыйақымен марапатталды. Городецкий, Райский және Каспиев еңбек әулеттеріне автокөлік сыйға тартылды.

Алғаш рет бірқатар аграрийлер «Ақмола – еңбек озаты» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында механизаторлар Дүйсембай Ысқақов пен Владимир Герасимов, Социалистік Еңбек Ерлері Есілбай Қадралин мен Валентин Щербаков, еңбек адамы, Біржан сал ауданының құрметті азаматы Алтынай Базылова бар.

Салтанатты іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.