Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және оның салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жұмысы шеңберінде ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин 5 сәуірде жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды.
Айта кету керек, Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының орынбасары Тайтөбе ауылындағы топырақ қоршауды нығайту жұмыстарымен танысып, Целиноград ауданы, Оразақ ауылындағы су тасқынына қарсы іс-шаралардың барысын тексерді. Ақмола облысында бүгінгі күні зардап шеккен немесе өлген мал, сондай-ақ су басу фактілері тіркелген жоқ, ауыл шаруашылығы жануарларының қырылуын және елді мекендерді су басуын болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, вице-министр ветеринариялық станцияның қатысуымен эпизоотияға қарсы жасақпен жұмыс жүргізді, онда су деңгейі көтерілген жағдайда жергілікті тұрғындардың ауылшаруашылық жануарларын эвакуациялау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Аманғали Бердалин тұрғындарға мал басын сақтандырудың қажеттілігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бұл процестің тетігін түсіндірді. Ауыл шаруашылығы министрлігі басшысының орынбасары жергілікті тұрғындардың ветеринарияға, жалпы ауыл шаруашылығына қатысты көптеген сауалдарына жауап беріп, су тасқынынан мал өлімі тіркелген жағдайда, тұрғындарға шығын өтелетінін жеткізді.
Вице-министр Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, мал өлекселерін жинап, өртеу қоймаларында немесе арнайы бөлінген орындарда ашық өртеу арқылы жоятынын еске салды. Бұл шараны іске асыратын арнайы қызметтерде жою шараларын жүргізу үшін тиісті техника мен қызметкерлер бар. Вице-министр министрлік қазір өлген мал санын есептеп, Қазақстанның барлық өңірлері бойынша мәліметтерді нақтылап жатқанын атап өтті.