Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңір үшін маңызды бағдарламаларды іске асыратын «СПК «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясында кеңес өткізді. Бұл бағдарламалардың қатарында «Кең дала 2», «Ауыл Аманаты», сүт-тауарлы фермалардың құрылысын қаржыландыруға арналған инвестициялық жобалар, «Цифрлық теңге» пилоттық жобасы, тұрғын үй қорын жаңарту және басқа да бастамалар бар.
«СПК «KOKSHE» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Баяхметов өз баяндамасында 2024 жылы «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 11 млрд теңге сомасына 35 өтінім мақұлданып, қаржыландырылғанын атап өтті. 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына дайындықты бастау үшін жеңілдетілген несие алуға өтінімдер қабылдау 2024 жылдың желтоқсан айында басталды. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «СПК «KOKSHE» арасында 32 млрд теңгеге шектеулі келісім жасалды. Фермерлер жеңілдетілген несиелер алып, егіс жұмыстарына дайындықтарын бастады.
Сонымен қатар, Еркебұлан Баяхметов өңірлік тұрақтандыру қорын құру, әлеуметтік маңызы бар тауарларды өндірушілер мен өңдеуші кәсіпорындарға форвардтық қаржыландыру, сондай-ақ сүт-тауарлы фермалар құрылысын қаржыландыруға бағытталған жеті инвестициялық жоба туралы баяндады.
Негізгі көрсеткіштер бойынша баяндамаларды тыңдаған Марат Ахметжанов мемлекеттік қолдау ретінде жеңілдетілген несие мен субсидия алған ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өнімділіктің жоғары нәтижелерін және өнім сапасын көрсетуі керектігін атап өтті. Әкім тиімді нәтижелерге жету үшін аудан әкімдіктерінің, аграршылардың және «СПК «KOKSHE» бірлескен жұмысы қажет екенін қосты.
Аудан әкімдеріне халық табысын арттыруға бағытталған «Ауыл Аманаты» бағдарламасының әлеуетті қатысушыларын анықтау үшін скрининг жүргізу және әрбір несие алушыға қолдау көрсету тапсырылды. Бағдарламаны жүзеге асыруға 1,8 млрд теңге бөлінді, 308 микронесие беру және 391 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланған.
Сондай-ақ, әкімге Көкшетау қаласындағы тұрғын үй қорын жаңарту жұмыстары туралы баяндалды. Уәлиханов – Гоголь, Саин – Быковский көшелерінің квадратында алты ескі үй сүріліп, қазіргі таңда екі көпқабатты тұрғын үйдің іргетасы құйылып, мұнаралы крандар орнатылды.
«Сіздің тапсырмаңыз бойынша бұл бағдарламаны екі кезеңге бөлдік: 2025–2027 жылдар және 2028–2030 жылдар. Нүктелік құрылысқа жарамды екі кварталды аймақты қарастыруды ұсынамыз. Бірінші орын – Вернадский көшесі, 11-үйдегі апатты ғимарат. Екінші орын – Абай-Тәшенов-Әуезов-Пушкин көшелерінің квадратындағы 66 пәтер. Қазіргі уақытта пәтер иелерімен жұмыс жүргізілуде, олар үйлерін сатуға дайын», – деді «СПК «KOKSHE» басқарма төрағасының орынбасары Әли Әлиев. Ол тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы халық арасында оң пікірге ие болғанын және құрылыс компаниялары арасынан әлеуетті инвесторларды тартқанын атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов аталған жобалардың барлығы өңір экономикасын айтарлықтай жақсартуға қабілетті екенін атап өтіп, жұмысты белсенді жалғастыруды тапсырды.