Ақмола облысындағы жәрмеңкеге 480 тонна ауыл шаруашылығы өнімі әкелінді

28.09.2024

Облыс орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Орталық алаңдағы жәрмеңкеге мыңдаған адам жиылып, өнімнің кең ассортименті ұсынылды.

Осындай шаралар арқылы Тәжікстан шаруаларының қазақстандықтарға өз өнімдерін ұсынуы дәстүрге айналып келеді.  Бұған дейін тамыз айында елордада екі республиканың президенттері – Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон арасындағы уағдаластыққа сәйкес Тәжікстаннан жәрмеңке-көрме әкелінді.

Ендігі кезекте Көкшетау қаласы күзгі өнімдердің сан алуан түрі ұсынылған екінші қала болып отыр. Тәжік фермерлері керуен тартқан тауарлардың тізімде жүзімнің, алманың, алмұрттың және басқа да көкөністер мен жемістердің алуан түрлері бар. Сондай-ақ, қала тұрғындары бал, кептірілген жемістер мен консервілерді, шырындар мен қызанақ, қияр, анзур тау пиязын сатып ала алды.

Жәрмеңкеге Ақмолалық аграршылар да қатысып, 40-тан астам жаңа өнім әкелді. Қала тұрғындары мен қонақтарына ет өнімдері 2500-2800 теңгеден сатылды. Сонымен қатар, жергілікті шаруалар балық, картоп және басқа да көкөністерді 100-120 теңгеге, жұмыртқа, бал және ара шаруашылығы өнімдерін, кондитерлік және макарон өнімдерін, сондай-ақ басқа да азық-түлік түрлерін ұсынды.

Жәрмеңкеге облыс әкімі Марат Ахметжанов пен Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хайрулло Ибодзода қатысып, тұрғындармен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен сұхбаттасты. 

Тәжікстандық фермерлердің өнімдері сатылған орындарда тұтынушылар көптеп жиылды.

«Біз жалпы көлемі 400 тоннадан асатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 түрін әкелдік. Болашақта еліміздің Үкіметінің тапсырмасы бойынша біз Ақмола және Қазақстанның басқа да облыстарында осындай жәрмеңкелер өткізетін боламыз», - деп мәлімдеді Тәжікстан Республикасы Үкіметінің жанындағы экспорт агенттігінің директоры Ифтихор Шокиров.

Өнімдер нарықтағыдан төмен бағамен ұсынылғандықтан, жәрмеңкеге жиылған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Қала тұрғындары азық-түлік тауарларын сатып алуда белсенділік танытты. 

«Өнім ассортименті де, бағасы да жақсы, тауарлардың бәрі балғын. Мен қысқа арнап сүт, ет, бірнеше ондаған жұмыртқа, бал сатып алдым. Бағалар тартымды, соның арқасында едәуір үнемдедім. Барлық өнімдер керемет. Осындай жәрмеңкелерді ұйымдастырып жүргендерге рақмет», - деді Көкшетау қаласының тұрғыны Жамария Жакеева.