Елдегі басты аграрлық өңір көктемгі егіс науқанына дайын

18.04.2025

Ақмола облысының диқандары көктемгі егіс жұмыстарына белсенді түрде дайындалуда. Қоймаларда – егістікке арналған бидай тұқымы мен өсімдіктерді қорғау құралдары мен жаңа техника сатып алынды, сондай-ақ өткен жылғы қарыздық міндеттемелер орындалды. Басты мақсат – мол өнім алып, түрлі тәуекелдерге жан-жақты дайын болу. Бұл Көкшетауда өткен агро­кеңесте көтерілген негізгі мәселе болды. Аталған іс-шараға өңірдегі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының 600-ден астам өкілі, ғылыми-зерттеу институттары мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті зор екенін, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде және аграрлық секторды дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Көктемгі егіс жұмыстарын ұйымдастыру барысы туралы Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан баяндама жасады. Ол өңірдегі дайындық жұмыстары жөнінде мәлімет берді.

Биыл өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға шамамен 200 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде 63,3 млрд теңге – субсидиялар, 140 млрд теңгеге жуығы – жеңілдетілген несиелеу мен форвардтық сатып алуға бөлінген қаржы.

Шаруалар арасында «Кен Дала» және «Кен Дала – 2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары үлкен сұранысқа ие. Бүгінде 96,5 млрд теңгеге 606 өтінім беріліп, оның 413-і мақұлданып, жалпы сомасы 65,9 млрд теңгені құрады.

Өнімділікті арттыру мақсатында топыраққа 336 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда тыңайтқыш енгізілетін алқаптар көлемі 78 мың гектарға ұлғаяды. Қазіргі таңда отандық өндірушілермен 66,9 мың тонна тыңайтқышты жеткізу бойынша 266 келісімшарт жасалды. Тұқыммен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыс атқарылды.

Ауыл шаруашылығы техникасын дайындау да маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда барлық техника дайын. Егіс жұмыстарына шамамен 37 мың бірлік техника жұмылдырылмақ.

Жиын барысында сондай-ақ ТОО «А.И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының» басқарма төрағасы Тимур Савин, ТОО «Жер-1» кәсіпорнының бас агрономы Светлана Орехова, ТОО «Журавлевка-1» бас агрономы Николай Цеонель, ТОО «Дихан Плюс» директоры Денис Швайбович және РМК «Қазгидромет» Ақмола филиалының директоры Бақыт Макажанова сөз сөйледі.

Агро­кеңес қорытындысы бойынша көктемгі егіс науқанына 100% техника дайындығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін арзандатылған дизель отынымен уақтылы қамтамасыз ету және тұқым жаңарту көрсеткішін арттыру тапсырылды.